Sotreport.kz

Қарағанды билігі жол қозғалысын басқаруға арналған қазақстандық бағдарламалық жасақтамадан бас тартып, Ресейдің «Мегаполис» аналогын таңдады. Алайда, бұл таңдау себебін әкімдік түсіндіре алмады — біз жіберген ресми сұранысқа жауап болмады. Жергілікті атқарушы орган бұл бағдарламаны енгізу алдында салыстырмалы талдау, тиімділігін зерттеу және күтілетін нәтижелер бойынша ешқандай зерттеу жүргізбеген. Айта кетерлігі, отандық бағдарламалық өнім – АСУДД (Автоматтандырылған жол қозғалысын басқару жүйесі) Шымкент пен Астанада сәтті іске қосылып, жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды SotReport.kz.

Мәселенің мәні

2003 жылдан 2023 жылға дейін Қарағанды қаласындағы барлық 140 бағдаршам «Комсигнал» ЖШС-нің ресейлік бағдарламалық жүйесі арқылы басқарылды. Бұл полицияға қаладағы барлық қиылыстарда транспорт ағынын орталықтандырылған, үйлесімді әрі тиімді басқаруға мүмкіндік берді, яғни «жасыл толқын» режимі жүзеге асырылды.
Алайда, жүйенің шеткі құрылғылары (контроллерлері) ескіріп, қазіргі техникалық талаптарға сай келмей, жаңартуды қажет етті.

Қарағанды билігінің мүмкін болған шешімдері:

  • Контроллерлерді жаңартылған, бірақ сол жүйеге сай түріне ауыстырып, бұрынғыдай жұмыс істей беру;
  • Бағдаршамдарға сенсорлар орнатып, ескі контроллерлердің кейбірін микропроцессорлық түрге ауыстырып, оларды қазақстандық АСУДД жүйесіне қосу;
  • Шетелдік бағдарламалық өнімді сатып алып, бүкіл жүйені бұзып, жаңа жүйені басынан бастап құру.

Қарағанды билігі үшінші нұсқаны таңдады. Бірақ неліктен — бұл түсініксіз болып қалды.

Біз жолдаған сұрақтар жауапсыз қалды:
- Қарағанды билігі неліктен «Элсистар» компаниясының бағдарламасын таңдады?
- Бұл бағдарлама бұрын қолданылған жүйеден несімен артық?
- «Элсистардың» «Мегаполис» жүйесі Қазақстанның қай қалаларында енгізілген және қанша уақыттан бері жұмыс істеп келеді?

Бұл сұрақтардың ешқайсысына нақты жауап берілмеді.

Қала әкімінің орынбасары Камзиннің айтуынша, жергілікті атқарушы орган бағдарламаны таңдамайды, тек техникалық талаптарды қояды. Нәтижесінде «СпецТрейдТМ» ЖШС тендерді жеңіп алып, қалаға «Мегаполис» жүйесін орнатқан.
Бірақ, бұл жүйенің тағы қай қалаларда қолданылып жатқаны және тиімділігі қандай екені әкімдікке белгісіз.

Бұл ретте, Қарағанды қаласының ТКШ басқармасының соңғы екі жылдағы конкурстық техникалық тапсырмаларында тапсырыс берушінің қызметкерлері дәл ресейлік «Мегаполис» бағдарламалық жасақтамасымен жұмыс істей білуі тиіс екені нақты жазылған.

Қаржы туралы

Айта кету керек, Қарағанды бюджеті үшін АСУДД орнату әлдеқайда арзанға түсер еді. Себебі, бұл жүйе 2016–2023 жылдары орнатылған контроллерлердің бір бөлігін сақтай отырып, интеллектуалды көлік жүйесін құруды ұсынған. Ал мамандардың айтуынша, «Мегаполис» бағдарламасын қолданатын компания мұндай аралас жүйені интеграциялай алмайды, сондықтан бүкіл жүйені толығымен ауыстыруға мәжбүр болады.

2024 жылы «СпецТрейдТМ» ЖШС жұмысты бастап, қала бюджетінен 454,9 млн теңге алды. Оның 203 млн теңгесі бірден төленген.
Ресми мәлімдемелерде интеллектуалды жүйе 2025 жылдың наурыз айында іске қосылады деп уәде етілді. Алайда, қала әкімі Мейрам Қожуховтың 2025 жылғы қаңтар соңында айтқан ақпаратына сүйенсек, Қарағандыға барлық қажетті жабдық жеткізілмеген және жүйе толықтай орнатылып, бапталмаған.

«Мегаполис» бағдарламасының дистрибьюторы

Қазақстанда «Мегаполис» бағдарламалық өніміне ресми дилер бар. Бастапқыда ол — «СпецТрейдТМ» ЖШС (құрылтайшылары — Берік пен Еркен Жолдасбековтер) болатын. Бірақ кейінірек бұл компания қандай да бір жолмен дилерлік құқықтарын басқа фирмаға — «City traffic» ЖШС-ге берген.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, «City traffic» инженерлік желілер салумен, сызбалар жасаумен айналысады және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты іске асқан жобалары жоқ.

Мұнда сұрақ туындайды:
Бағдарламалық жасақтаманың иесі мен өндірушісінің келісімінсіз бұл құқықты беруге бола ма?
«Мегаполис» жүйесінің өндірушісінен емес, бұл құқықты олар қалай алды?

Айта кетерлігі, «City traffic» ЖШС-нің директоры А.Ж. Жолдабеков бір мезетте осы компанияда директор да, инженер де, ал «СпецСтройСервис» ЖШС-де инженер ретінде де тіркелген. Соңғы компания тендерлік құжаттарда оны "еңбек ресурсы" ретінде көрсеткен.

Тендерлік құжаттағы "бағдарламалық" бетбұрыс

Қарағанды билігі дәл осы бағдарламалық жасақтамамен жұмыс істеуді мақсат тұтқаны байқалады. 2024 жылғы тендерлік құжаттамада былай делінген:
"Жеткізуші ТОО «Элсистар» өндірушісінен оқудан өтіп, оның жабдықтарымен жұмыс істей білуі керек".

Тендерге, таңқаларлығы, бұрынғы «Мегаполис» бағдарламасының дистрибьюторы «СпецТрейдТМ» ЖШС қатысып, жеңімпаз атанды. Алайда, барлық қатысушылар бұл шешіммен келісе қойған жоқ. Сот процестері басталды. Осы кезде қызықты жағдай орын алды.

Сотта

Сот отырыстары кезінде Қарағанды әкіміне «City traffic» ЖШС-нан ресми хат келді. Онда бұл компания өзін «Мегаполис» бағдарламасының жалғыз құқық иесі деп атап, бұл жүйемен жұмыс істегісі келетін барлық компаниялар тек солардан жабдық сатып алып, тек солардан оқудан өтуі тиіс екенін мәлімдеген.

Алайда, сотта қаралған мемлекеттік сатып алу конкурсындағы тендерге «City traffic» мүлде қатыспаған.

Мұнда әкімдікке бірқатар сұрақтар туындайды. Мысалы:
Егер Қазақстан аумағында бұл бағдарламалық өнімнің (БҚ) жалғыз құқық иесі бар болса, онда тендерді өткізудің қажеті қанша? Бұл бәсекелестікке қарсы заңнаманы бұзу емес пе?
Тағы бір сұрақ: жол қозғалысын басқару жобаларын еліміздің бірде-бір өңірінде жүзеге асырмаған компания – City traffic қалайша жалғыз құқық иесі бола алады?

Егер расымен де City traffic — жалғыз құқық иесі болса, тендерді жеңіп алған компания емес, онда ертең бұл құқық иесі жүйені өшіріп тастай алмай ма?
Ақпараттық қауіпсіздік қайда қалды?
Бас мердігер – «СпецТрейдТМ» ЖШС жұмысты аяқтағаннан кейін жүйенің серверлік бөлігін Қарағанды әкімдігіне тапсыруы тиіс емес пе?
Егер тапсырса, қандай негізде тапсырады, өйткені ресми құқық иесі – басқа компания?

Сот процесінің салдары

Таңғаларлығы, бірнеше сот отырысынан кейін Қарағанды әкімдігі «жол белгілерін орнату және ағымдағы жөндеу» тендерлік техникалық тапсырмасына өзгеріс енгізіп, оған тек «СпецТрейдТМ» ЖШС ғана орындай алатын талаптарды қосты (кем дегенде 2025 жылы).

📸 Фото: «жол белгілерін орнату және қызмет көрсету» конкурсының техникалық сипаттамасынан

Сот процестері кезінде қаланың бағдаршамдары қызмет көрсетусіз қалмауы үшін әкімдік алдыңғы мердігермен (яғни, алдыңғы тендер жеңімпазымен) екі айлық қосымша келісімшарт жасауына болатын еді. Бірақ олай етпеді. Оның орнына, «бағдаршамдарға қызмет көрсету» жұмысын «ұялы байланыс қызметі» деген атаумен бүркемелеп, «СпецТрейдТМ» ЖШС-мен келісімшартқа отырды.

Алайда, байланыс қызметі — лицензиялауға жататын қызмет, ал «СпецТрейдТМ» ЖШС-де ондай лицензия жоқ. Демек, Қарағанды ТКШ басқармасының бұл келісімшарты заңбұзушылық болып табылады.

Тағы бір тендер

Бұдан бөлек, әкімдік  тағы бір тендер (14425116-1) жариялады. Онда, басқа жұмыстармен қатар, 2023 жылдың қазан айында пайдалануға берілген Карл Маркс және Магнитогорская көшелеріндегі бағдаршамдарды жөндеу туралы айтылған.

Бұл объектілер бойынша мердігерлік шартта бес жылдық кепілдік мерзімі көрсетілген. Демек, егер олар бұзылса, жауапты компания — сол жобаны жүзеге асырған «СпецТрейдТМ» ЖШС.
Онда неге мемлекет қайта төлеуі керек?

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң

2024 жылдың жазында VIII шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық мазмұнның үлесін арттыру және отандық бизнесті қолдау қажеттігін атап өтті:

" – Реттелетін сатып алуларда отандық өнімнің көлемін ұлғайтып, оффтейк жүйесін толық іске қосу маңызды. Отандық өндірушілермен оффтейк-шарттардың үлесін кемінде 10%-ға жеткізу қажет. Бұл жылына 2 трлн теңге. (…) Отандық мазмұн үлесі үш жыл ішінде 60%-дан асуы тиіс.
Мемлекет отандық өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл — біздің экономиканы сыртқы әлемнен оқшаулау туралы емес. Ол ашық күйінде қалады, бірақ ұлттық бизнестің мүдделері ескерілуі тиіс. 

Бірақ Қарағандыда қазақстандық бағдарламаның орнына ресейлік өнімді таңдады.
Сонда отандық компанияларға басымдық бар сияқты, бірақ іс жүзінде олай бола бермейді.

Егер Қазақстанда «Мегаполис» БҚ-ның бір ғана ресми иесі – City traffic болса, онда «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 16-бабына сәйкес, Қарағанды әкімдігі келісімшартты бір көзден тікелей сол компаниямен жасауы керек еді.

Бірақ ондай жағдайда тапсырыс беруші Монополияға қарсы комитеттен Қазақстанда басқа ұқсас өнім жоқ деген қорытынды алуы тиіс еді.
Ал мұндай қорытынды берілмес еді, себебі қазақстандық баламасы – АСУДД бар.

Сондықтан заңға сай қарасақ, Қарағанды билігіне ресейлік бағдарламалық өнімді сатып алуға ешкім рұқсат етпес еді.